Екі күнге созылған шараны алдымен «Айгөлек» атты балалар ән байқауы бастады. Балапан қанат әншілер Бақытжан атасының әндерінен өнер көгіне күміс теңге шашты. Байқауға Бақытжан Байқадамовтың шәкірті болу бақытын иеленген қазіргі қазақ музыка өнерінің майталмандары атанған композиторлар Балнұр Қыдырбек, Жоламан Тұрсынбаев, Қалибек Дербсалдин, Қайыржан Мақановтар қатысты. Әкесінің туған жеріндегі кешке қыздары Балдырған, Айкүн, Әлия Байқадамовалар және немерелері шақырылды. Айтпақшы, зерттеуші-ғалым Балдырған Байқадамова «Айгөлек» балалар ән байқауына қазылық етті. Жүлделі орын алған Ерназ Қабдыхамитов, Тұрысбек Нұрболат, Ақмырза Аяулым, Жапар Айсұлу, Жұмағали Айназ, Ақниет Азаматқызы секілді балалардың өнеріне ризашылығын білдірді. Құнарлы топырақтың құр болмайтынына, халқымызға әлі талай марғасқаны береріне сенім білдірді.
Мұнан кейін "Бақытжан Байқадамов әлемі: композитор тағдырының тағылымы" атты ғылыми-практикалық конференция мазмұнды өтті. Онда Балнұр Қыдырбек, Қайыржан Мақанов, Хамитбек Мұсабаев, Еркін Қожахметов, Жұпар Таткенова, Құлтан Орманбек, Балдырған Байқадамова сынды зерттеушілер композитор өмірінің белгісіз жақтарын, қалдырған музыкалық мұрасының қазақ мәдениетіндегі алатын орнын бағамдады. Композитордың шығармаларынан тұратын концертте Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының сүйемелдеуімен аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Белгілі әнші Ғазиза Жұмекенова композитордың әндерін нақышына келтіре орындағанда қоңыр күзде «алма ағаштары жайнағандай», ән құдіреті салтанат құрды. Сонымен қатар, композитор кешінің құрметіне күйші Анар Мұздаханова, композитор-әнші Қалибек Дербсалдин, тағы басқалар өз шығармаларын орындады.
«Бір айта кететін жай, қазақ музыкасындағы ешкімге ұқсамайтын ірі тұлға Бақытжан Байқадамов туралы туған жері Қостанай облысында оған арналған тұңғыш шараның куәсі болдым. Бірақ өнер жұлдызы, классик композитор дүйім жұртқа ортақ. Оның шығармалары туралы мұндай шаралар еліміздің қай шалғайында өтсе де, тек рухани азық сыйлары анық» деді Қалибек Дербсалдин.
Ал «Тойтөбе» алаңында өткен топ бәйге той қызығын қыздыра түсті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Аманкелді ауданы